Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Спорт » ЕРКЕБҰЛАН ШЫНАЛИЕВТІҢ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

ЕРКЕБҰЛАН ШЫНАЛИЕВТІҢ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударып, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін тапсырған болатын.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бүгін «1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі аясында Еңбекші ауданында елімізге танымал боксшы, Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Спорттық нысанның ашылуына бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпиондары Махмұт Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және т.б. белгілі спортшылар қатысты. Даңқты спортшылар жергілікті тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектерін білдірді.
– Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Осыған дейін Көксай елді мекенінде спорт залы болмаған. Сондықтан осындай спорт залын ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинап, бокс, дзюдо, каратэ, таэквандодан жаттықтырсақ деген мақсатымыз бар, – дейді спортшы Еркебұлан Шыналиев.
Мерекелік кеште Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы барша спортшыларды, тұрғындарды, балаларды мерекемен құттықтап, аталған залдан елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк туымызды биіктен желбірететін мықты спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, спорт залы «Даму бала» мемлекеттік жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында ашылып, мұнда балалар спорт түрлерімен тегін жаттығатын болады.
Айта кетейік, Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасып жатыр. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «BalaShym» өнер фестивалі ерекше форматта өтуде. Өнер фестиваліне қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының жас өнерпаздары жиналып, 5 бағыт бойынша өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Эстрадалық вокал, хореография, қолөнер, сурет салу бағыттары бойынша көрермендер балалардың шығармашылығын тамашалады. Мереке Шымкент қалалық және қуыршақ және жасөспірімдер театры әзірлеген «Қуыршақтар шеруімен», Шымкент қалалық зообағында жалғасын тапты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*