Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Спорт » “ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ” ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ШАҒЫН АВТОБУСТАР ТАБЫС ЕТІЛДІ

“ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ” ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ШАҒЫН АВТОБУСТАР ТАБЫС ЕТІЛДІ

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бүгін үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының ІІІ — кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойындар қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

«Шымкент жастар лигасы» жобасында футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жобаның финалдық кезеңіне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

“Осыдан үш жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болып отыр. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс жастарымыздың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыруда.

Биыл лигаға 6 мыңнан астам оқушының қатысуы – лиганың бұқаралық сипат алғанының көрінісі” – деді қала әкімі.
Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.

Шахматтан — Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан — А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының, баскетболдан — М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футболдан — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командалары лиганың чемпионы атанды.

Турнир аясында спорттық бәсекелермен қатар мектеп оқушыларынан құралған фан-клуб командалары арасында да сайыс ұйымдастырылған болатын. Жарыстың салтанатты рәсімінде осы сайыста үздік атанған мектеп командалары да марапатталды.
Жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және турнирдің демеушілері мен қаламыздың танымал спортшылары марапаттады.
Айта кетейік, жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*