Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар күшейтілді. Мамандардың айтуынша, мектептердің дайындығы тек материалдық-техникалық жағдаймен шектелмейді. Оқу ғимараттарының санитариялық жай-күйі, медициналық пункттердің жұмысы, асханалардың талапқа сәйкестігі, сумен жабдықтау, желдету және жылыту жүйелерінің жарамдылығы да тұрақты бақылауда болуы қажет.
Сонымен қатар күзгі-қысқы кезеңде жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және COVID-19 таралу қаупі артады. Шымкентте 2026 жылдың жеті айында ЖРВИ-дің 147 952 жағдайы тіркелген. Оның 89 230-ы, яғни 60,3 пайызы, 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған.
– Қалада 2026 жылдың алғашқы жеті айында ЖРВИ-дің 147 952 жағдайы тіркелген. Оның 89 230 жағдайы, яғни 60,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Сондай-ақ осы кезеңде тұмаудың 2 жағдайы және коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді. ЖРВИ тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін әртүрлі вирустардан туындайтын аурулар тобы. Ал тұмау осы топқа жататын, әдетте жедел басталуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Тұмау әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге, егде жастағы азаматтарға және жас балаларға ауыр өтуі мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу тек медициналық ұйымдарға ғана емес, ата-аналар мен білім беру ұйымдарына да ортақ міндет, – дейді Айгүл Тұрымбетова.
Басшы орынбасары вирустық инфекциялардың таралуын азайту үшін қарапайым, бірақ тиімді санитариялық шараларды тұрақты сақтауға шақырады.
Осыған байланысты білім беру ұйымдарында ауру белгілері бар балаларды уақытылы анықтау, таңертеңгілік сүзгі жүргізу және санитариялық тазалықты сақтау маңызды. Үй-жайларды жүйелі түрде желдету, күнделікті ылғалды тазалау жүргізу, қолды жиі жуу немесе антисептик пайдалану, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау инфекцияның таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мамандар ата-аналарға да жауапкершілікпен қарауға шақырады. Баланың дене қызуы көтеріліп, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы немесе әлсіздік сияқты белгілер байқалса, оны мектепке жібермей, дәрігерге қарату ұсынылады. Тұмаудың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі – жыл сайынғы вакцинация.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау оқу жылы басталғаннан кейін де жалғасады. Білім беру ұйымдарында анықталған бұзушылықтардың уақытылы жойылуы және санитариялық талаптардың мүлтіксіз сақталуы басты назарда болады. Өйткені мектептегі қауіпсіз орта – сапалы білім алудың маңызды шарттарының бірі.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары