Арыс қаласында темір жол мекемелері мен кәсіпорындарында еңбек ететін қызметкерлер арасында «Үздік маман–2025» мерекелік байқауы жоғары деңгейде өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өткен тағылымды шара «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы АҚ филиалының – «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» еңбеккерлері аясында ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – теміржол саласындағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, еңбек адамын дәріптеу, қызметкерлердің теориялық және практикалық дайындығын жетілдіру.

Шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, теміржолшы мамандығы қала тарихында үлкен құрметке ие екенін атап өтті. Сонымен қатар «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» директорының бірінші орынбасары Жомарт Мырзабеков, Шымкент кәсіподақ филиалының төрайымы Нағима Салықбаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, сала ардагерлері мен еңбек адамдарының қажырлы еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан теміржолшыларды еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланып, олардың ерлігі мен еңбегі тағзым етілді.
Байқау барысында қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алдымен теориялық білімдерін тестілеу арқылы дәлелдесе, кейін практикалық тапсырмалар орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Сарапшылар алқасы әр қатысушының дайындығын жан-жақты бағалап, нәтижесінде үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:
– «Үздік жол жөндеуші» (жол шаруашылығы бойынша);
– «Үздік байланысшы» (ШЧ шаруашылығы бойынша);
– «Үздік энергетик» (электрмен жабдықтау шаруашылығы бойынша);
– «Үздік машинист» (ССПС машинистері арасында);
– «Қалпына келтіру пойызы бойынша үздік маман»;
– «Үздік өрт сөндіруші» (өрт сөндіру пойыздары бойынша);
– «Үздік вокзал қызметкері».
Аталған номинациялар бойынша үздік деп танылған теміржолшыларға арнайы сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың саладағы қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға ретінде бағаланды.
Сонымен қатар теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосып, өз қызметінде жоғары жауапкершілік танытып жүрген бірқатар еңбеккерлерге Арыс қаласының әкімі атынан Алғыс хаттар табысталды. Қала басшысы еңбек адамына көрсетілетін құрмет – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай байқаулар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және жас мамандарды ынталандыруға серпін беретінін жеткізді. Мерекелік кеш патриоттық рухтағы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары