Абай күніне орай Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шымкент қаласының тоғызқұмалақ федерациясының ұйымдастыруымен ерлер арасында тоғызқұмалақтан «Абай мұрасы – ұлт қазынасы» атты Шымкент қаласының чемпионаты өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және тоғызқұмалақ спортын дамыту.
Жарысқа 20-дан астам спортшы қатысып, классика және блиц бағдарламалары бойынша бақ сынады. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік 6 спортшы қыркүйек айында Ақтау қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Іс-шараға қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері, Шымкент қаласының тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алмас Өмірбекұлы, аға жаттықтырушы Сабит Қалдыбекұлы, спортшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған чемпионат ұлттық зияткерлік ойынның дамуына серпін беріп, жастар арасында ұлттық мұра мен рухани құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ тоғызқұмалақ спортының бұқаралық сипат алуына бағытталды.
10 тамыз — Абай күніне орай Шымкент қаласында ауқымды музыкалық шеру өтті. Шартарапты әуенге бөлеген бұл мәдени бастама аясында 100-ге жуық өнерпаз қаланың басты орындарында ұлы ақынның мәңгілік мұрасын паш етті.
Жергілікті өнер ұжымдары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, Хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» сынды әндерін әуелете шырқап көпшілікті тәнті етті. Өнерпаздар Әуежай, «Дала мол», Теміржол вокзалы, «Жапон» саябағы, «Плаза», «Сити мол» сауда орталықтарын аралап, әуезді әндерін қалықтатты. Жанды дауыстағы орындаулар қаланың әрбір бұрышын ұлттық өнердің рухына бөледі. Жас пен кәріні баурап алған музыкалық шеру ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулудың және ұлы Абайдың асыл сөзін дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Абай мұрасын ұлықтауға арналған мәдени және спорттық шаралар қала тұрғындарының ұлттық өнерге, әдебиетке және зияткерлік ойындарға деген қызығушылығын арттырды. Осындай бастамалар ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның тағылымды ойларын жас ұрпақтың санасына сіңіруге мүмкіндік береді.
Мұндай тағылымды бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қаладағы ұлттық мәдениет пен спортты дамытуға серпін береді. Сонымен қатар Абайдың рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға жол ашады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары