Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру

 Шынайы дін адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде азаматты адамгершілік тұрғыда тәрбиелейді, отан­сүйгіштікке баулиды, өш­пенділік пен басқыншылықты былай қойғанда, адамдарды теріс іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауға шақырады.

Дін қоғамда өзінің сын­дарлы рөлін атқаруы тиіс, ке­ліспеушіліктердің алдын алуға кө­мектесіп, қарама-қайшылықтарға жол бермеуі қажет. Зайырлы білім де, діни білім де адамды тәрбиелеп қана қоймай, оны дұрыс жолға бағыт­тап, оның ойдан шығарылған бұрмалаушылық нанымдардан айы­ғуына септесуі қажет.

Адамдардың діни білімі тек халық игілігі мен қор­шаған ортасының мүддесі үшін жұмсалуы керек. XXI ғасырдың өткен қилы замандардан артықшылығы – қазақ­стандықтардың сана-сезімінің, білім деңгейінің жоғары болуында. Біздің әрқайсымыз Қасиетті Құ­ранды, Інжіл мен Талмуд секілді діни түп­­деректерді алып оқуға және әлем­дегі бірде-бір діннің зорлық-зомбылық жасауға, соғысқа немесе өшпенділікке шақыр­майтынын түсінуге қабілеттіміз.

Ал көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаның теріс пи­ғыл­ды арандатушылықтарға елігу ықтималдылығы өте төмен болатыны айдай анық. Экстремизм қатерлі ісік дерті іспеттес, егер уақтылы алдын алу ша­ра­лары жүргізілмесе, уа­қыт өте келе та­мырын тереңге жіберуі мүмкін.

Сон­­дықтан қарапайым халықтың діни сауатты болуы өте маңызды әрі қа­жетті болып табы­лады. Ал діни сауат­тылық – бұл оқыту, ағарту және діни әдебиеттер арқылы алынатын білім. Бүгінгі таңда елдегі ахуалды сыни тұрғыдан бағалау негізінде тұр­ғын­дардың шетелдердің идео­логия­лық экспансиясына қарсы берік діни иммунитетін күшейтетін дүние­танымдық көзқарастарды қалыптастыру мәселесі аса өзекті болып отыр.

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік саясаттың тиімділігін әлі де болса арттыру қажет.

Діни наным — жалпы адамзаттық құндылықтар.

 Ислам діні адамзатқа түрлі халықтар арасында тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастыру мақсатында түсірілген. Аллаһтың 99 көркем атының бірі – «ассалам» – «тыныштық», «бейбітшілік» болуы, «Ислам» сөзінің араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін түбірден шығатыны біраз сырды аңғартса керек. Әрбір мұсылман бір-біріне амандасқанда амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі.

Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Аллаһ алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтіруден тыйып, адамдарды мәмілемен, жарастықта, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам соғысқа, қан төгіске шектеу қойған. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алып, ұрыс-жанжалдарды харам еткен.

Тарихқа жүгінсек, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қатысқан соғыстың бәрі қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында болғанын білеміз. Ислам дінінде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыс болып саналады. Шариғат тұрғысынан адам өмірі қасиетті, оны ардақтай білу діннің парызы.

Мемлекеттің зайырлы дамуы: діни және этномәдени тұрғысы.

 Дін арқылы көпшілік арасында кең танымал бейбітсүйгіштік идеясы тарайды. Жалпы қандай да болмасын қауымның тұрақты әрі үзіліссіз, ұдайы дамуының және қызмет етуінің түпкі себебі сол қауым мүшелерінің әлеуметке лайық, мақсат-мүделлі іс-әрекетіне көп байланысты екендігі кімге де болса түсінікті дүние.

Адамның жалған өмірінің шеңберінен тысқары орналасқан қандай да бір түпнегіздер табу — діннің болмыс етуінің алғы шарты. Қоғамдағы адамның алдында көптеген өмірлік маңызы бар сұрақтар туары рас, ал енді оның шешімін құдайға деген сенімсіз, дінсіз табу қиынға соғады, әлде тіпті де мүмкін емес деуге болады. Ол мәселелер мәңгілік мәселелер және де ол адам болмыс-бітімінің айрықша ерекшелігін құрастырады да.

Сондықтан да діннің қай кезеңінде болмасын, қандай қоғам типінде болмасын алар рөлі ерекше. Бастапқыда дін өкіметпен, мемлекетпен тығыз байланыста өмір сүрді. Мысалы, қола дәуіріндегі көптеген мәдениеттерде саяси және рәсімдік немесе діни қызметтерді бөліп жару өте қиын болатын. Көне шығыс өркениеттерінде діни ұйымдар мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласатын еді. Бұндай күйді біз орта ғасырлық Еуропа тарихынан да кездестіреміз. Еуропада тек Жаңа Дәуірдегі ірі рухани төңкерілістен кейін ғана жағдай мүлдем басқаша болып өзгереді.

Қайта Өрлеу кезеңінен басталған өзгерістер нәтижесінде еуропалық қоғамдық-мәдени өмір шіркеу қарамағынан, оның қатал бақылауынан бірте-бірте босана бастайды. Бұл процесс реформация нәтижесінде жылдамдап, қарқын алады.

Мәдениеттің зайырлылық принципіне өтуі саяси-қоғамдық және экономикалық құндылықтардың пайдалану аясының кеңеюімен, ғылыми зерттеулер мен техникалық шығармашылықтың қарқынды дамуымен етене байланысты жүріп отырады.

Дін саласындағы өзекті мәселелер.

Ежелден дін емес, бірақ өзін дін санайтын ағымдар және діни ұйымдар қанат жайып, соңында саны көбейді. Мемлекетіміздің ұстанған діні Ислам болғандықтан, енді, осы діндегі белгілі ағымдардың тарихы мен теріс бағыттарына тоқталайық.

Қазіргі діни әдебиеттер мен басылымдарда «Ахмадия жамағаты» және «Құраншылар» деген ағымдардың өмірге келуі мен тарихы жиі айтылады. Сырттай мұсылман болып көрінген «Ахмадия жамағатының» негізін салған, өзі Үндістанда туған (1839) Мырза Ғұлан Ахмад әл-Қадиян деген ғалым екені белгілі. Ол өзін әулие, көріпкелмін деп санап, «Бәрәхии Ахмадия» кітабын жазады. Өз пайдасы үшін дінді саясатқа айналдырудың жолына түседі. Ахмадия және оның жамағаты Пәкістанда ел ішінде лаң салып, ойрандап, елдің шырқын бұзған.

Ахмадия жамағаты ағымы, Қазақстанда пәкістандық миссионерлердің ықпалымен 1994 жылы Әділет министрлігінде тіркелген. Ол «Ұлттық Ахмадия мұсылман жамағаты» деген атауға ие. Тоқсаныншы жылдардың басында «Демократтар үйінде» аталған ағымның бір уағыз жыйыны өтті. Олардың миссионерлері дәл осы аласапыран жылдары келіп, ашық-шашық жатқан елдің ішіне еркін кіре бастады. Мүшелерінің жиналып бас қосулары мен жетекшілерінің кездесуі құпия жағдайда жүреді.

Құранға байланысты өрескел әрі дінбұзарлық ағымды өмірге әкелгендердің бірі мысырлық ғалым Ахмад Сухби Мансур еді. Ахмед Сухби Мансур Құран мен сүннетікке негізделіп бекітілген үкімдерге қарсы шығып, ойын «Мұсылмандар дәстүрлі кітаптардың айтып кеткен үкімдеріне еріп және ол кітаптарды қастерлеп адасып жүр. Себебі, дәстүрлі кітаптар қазіргі замандағы экстремизм, фанатизм, лаңкестік пен пендантизмнің бастауы» деп түйіндейді. Олар намазда айтылатын салауаттарды және азанға Мұхаммедтің атын қосуды Алла-Тағалаға серік қосу дейді. 2004 жылы АҚШ-қа әбден орныққан ол, ғаламтор арқылы өзі «ағымның» уағыз мен үгітін таратады. «Құраншылар» атанған, оның діни бағытын ұстанатындардың қатары көбейеді. «Құраншылар жолы» – Исламның дәстүрлі ұсынымына қайшы екені айтпаса да түсінікті.

Діни оңалту орталықтарының нысаналы топтары.

 Сарапшылардың айтуы бойынша экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремисттік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару керек.

Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асырған жөн.

Ал екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, яғни оңалту, әрі оларды қайта дәстүрлі дін жолына түсіру мақсатында иландыру жолдарын, айла-тәсілдерін пайдалана отырып, ондай шараларды іске асыруды күшейту басты мақсат. Аталған салада жұмыс ж.ргізетін мамандардың білімі мен біліктілігін үнемі арттырып отыру бағытында арнайы оқытулар болу қажет.

Отбасы, қоғам болып жұмылып, жастарымызға діни-рухани, патриоттық, дәстүрлі ұстанымдар мен сенімнің негізінде тәрбие беру арқылы оларды түрлі деструктивті әрі радикалды-экстремистік ықпалдарға қарсы иммунитетті қалыптастыруға болады.

Дәстүрлі діни-мәдени құндылықтар мен отан сүйгіштікке негізделген қоғам немесе халық қана өміршең келіп, өзінің жарқын болашағына қол жеткізеді.

Жаһандану процесі және діни экстремизмнің қауіпі.

 Бүгінгі жаһандану дәуірінде «экстремизм», «терроризм» терминдері қарапайым халық арасында да жиі айтылады. Шын мәніне келгенде, бұндай әрекеттерді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстыруға болмайды. Себебі, ол ислам дініне ғана емес, әлемдегі кез-келген дәстүрлі діндердің бір де біріне ешқандай қатысы жоқ, жат іс-әрекет.

Ислам дінінде зорлық-зомбылық, қорқыту-үркіту, елдің берекесін алу, адам өлтіруге үзілді-кесілді тыйым салынғанын білеміз. Ислам діні – бейбітшілік діні, татулық пен сүйіспеншілікке жетелейтін әділ да турашыл дін.

Қай жағынан қарасақ та, экстремизмнің көздеген мақсаты теріс пиғылдағы іс-әрекеттер болып табылады.

Жалпы адамзатқа жат бағытта түрлі идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыру, толеранттық қағидаларды, азаматтық  бірлікті насихатты күшейту қажет. Бұл ең алдымен түрлі діни конфессия өкілдерінің, діни органдардың ғана емес, сонымен қатар қоғамның болашағына жауапкер әрбір абзал азаматтың арлы ісі, патриоттық парызы.

Осылай сезінгенде ғана қазіргі таңда күрделі де маңызды мәселе болған экстремизмді, лаңкестік әрекеттерді алдын-алып, оның әрі қарай бой көтеруіне тосқауыл бола аламыз. Қоғам болып жұмылып, рухани тәрбиенің бірден-бір көзі болып саналатын дінімізді сақтап, қорғап, мұсылманшылық пен имандылықтың өркен жайып, халыққа қызмет етуіне себепші болайық.

Дінтану және діни білім беру жүйесі.

Бір аумақта тұрып, ортақ мәдениетке ие, әрі өздерін біртұтас бірлестік санайтын адамдар толыққанды қоғамды құрайды. Қоғамның рухани, әлеуметтік, өркениетті дамуына серпін беретін білім екендігі белгілі.
Дін – ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болғандықтан, ел азаматтарының дін туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуы үшін жастар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет.

Дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы мен қоғам өміріндегі орны туралы дінтанулық ақпараттар орта мектептен бастап, жоғары оқу орындарында қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.

«Зайырлы мемлекет» ұғымының мектеп қабырғасынан бастап балалар мен жасөспірімдер санасына орнығуын қамтамасыз ету заман талабы. Зайырлылықтың дінсіздік еместігін, зайырлы мемлекеттің жоғары рухани құндылықтарды негізге алатындығын, дәстүрлі діндердің де рухани-өнегелі құндылықтарға негізделгендігін ұғыну жастардың қоғам өмірінен оқшаулануы мен оларды дін туралы тар түсініктен сақтап қана қоймай, діннің формасына емес, мазмұнына баса мән беруіне өз септігін тигізері анық.

Жастар арасында экстремизм мен радикализм идеологияларын таратуға қарсы іс-қимыл.

Қазақстан қоғамындағы діншілдіктің артуы көбінесе халықтың ұлттық санасының оянуымен, жалпы рухани жаңғырулармен, сонымен бірге постсоветтік кезеңде біздің қоғамда туындаған өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелермен түсіндіріледі.

Көптеген зерттеушілер әлеуметтік-экономикалық мәселелерді адамдардың, әсіресе жастардың, дінге келуінің факторы ретінде көрсетеді. Дәстүрлі емес діндердің кең таралуы олардың қолайлы қызметімен, материалдық көмек көрсетуімен, шетелдерде білім алуға жағдай жасауымен және т.б. байланыстырылады. Сарапшылардың пікірі бойынша, біздің елімізге әсерін тигізген дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарысқа орай жастардың, ауқымды түрде болмаса да, дәстүрлі емес діндерге біршама келуі күтілуде.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап іздеу жолында дінге келеді.
Жаңа діндердің мүшелері өздерінің миссионерлік қызметінде аса белсенділікпен ерекшеленеді. Оларға түрлі жағдайларға икемделу, қалыптасқан жағдайды, тұрғындардың әртүрлі топтарының психологиялық ерекшеліктерін ескере әрекет ету қасиеті тән. Олар өздерінің басты назарын жастарға, олардың өзгермелі талаптары мен талғамдарына аударады. Сондықтан тоталитарлық және деструктивті діни ұйымдардың жастарға теріс ықпалына қарсы тұру және бәсеңдету үшін кешенді жұмыс жүргізу қажет.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*