Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Қазақстандық қоғамның рухани дамуы

Қазақстандық қоғамның рухани дамуы

Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше.

Ежелгі руханиятта дін оның негізгі құрамдас бөлігі екендігін ескерсек,  айтылған тұжырымның маңыздылығы арта түседі. Себебі дін өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтып жатты.

Көптеген мәдениеттанушылар дінді мәдениеттерді бір өркениетке біріктіретін фактор ретінде қарастырады. Н. Данилевскийдің, К. Ясперстің, А. Тойнбидің,  О. Шпенглердің, П. Сорокиннің еңбектерінде тарихи-мәдени типтердегі діни ерекшеліктер бітім құрастырушы және мәдени айрықшалықты білдіретін нышан ретінде баяндалады. Үлкен өркениеттердің қалыптасуында ұлттық діндердің тар шеңберден шығып, рухани-мәдени тұтастықты құрауы, дүниетаным мен адами қасиеттердің жаңа мазмұндарын қалыптастыруы ерекше маңызды.

Қазақтардың діни көзқарасында Алла мен Тәңірі ұғымдары  синонимдер ретінде қолданылады. Әрине, қазақ мәдениетінде қалыптасқан архетиптік наным-сенімдерден исламдық діни жүйеге ауысу бірнеше ғасырларға созылды және бұл қарым-қатынас тұтастану бағытында өтті.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың тұжырымдамалық басымдықтары.

Белгілі дінтанушылардың ақпаратына сүйенсек, кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Мемлекеттік саясатты орнықтырудың нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру түрі, белгілі бір конфессиялармен келіссөздер жасау түрі, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты заңнамада арнайы нормалардың бекітілуінен бастап, барлық діни бірлестіктерге либеральды көзқараспен қарауды формалды түрде жариялау түріне дейін әр түрлі болуы мүмкін.

Шетелдердің дін саласындағы мемлекеттік саясатын талдайтын болсақ, олар заңдарды қабылдаумен ғана шектеліп қоймайды. Оларда бірнеше кофессиялармен конкордат немесе келісім-шарттардың жасалуы секілді дінге идеологиялық тұрғыда қарауды жүзеге асырудың арнайы технологиялары бар. 1998 жылы АҚШ-та «Religious Persecution Act» заңының қабылдануын да осындай жайттар қатарына жатқызуға болады.

Зайырлы режимдегі шет елдер заңдамаларын талдайтын болсақ, олардың діни бірлестіктермен қарым-қатынас мәселесінде қатаң түрде бір жақты ретке салудан бастап (Франция), тек таңдаулы конфессияларға ғана ерекше құқықтардың берілуіне дейін (Италия, Бельгия, Австрия) әрқайсысының өзіндік моделі бар екендігін көруге болады.

Адам құқықтарын қорғау саласында өзара іс-қимыл тұрғысынан алып қарағанда Еуропа елдері мен АҚШ тәжірибесі тартымдырақ болып көрінеді.

Қазақстандағы тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторлар тек өзіне тән діни ахуалды қалыптастыратындығына байланысты, оның басқа елдермен, халықаралық ұйымдармен үн қатысуды жүзеге асыруы тек мемлекеттерге өз елінің мәдени, тарихи мұрасына сәйкес заңдар қабылдап, саясат ұстануына белгілі дәрежеде мүмкіндік беретін ұстаным ескерілгенде ғана мүмкін болады. Бұл ұстаным Халықаралық құқықта қолданылып, ОБСЕ мен басқа да құрылымдар тарапынан ескеріліп жүр. Атап айтқанда, 2004 жылы ОБСЕ-нің Венеция комиссиясы бекітілген «Діндер немесе сенімдер туралы заңнамаға талдау жасау нұсқамаларында» осыған сілтеме жасалады.

Конфессиялық кеңістікте орын алып отырған серпінді процестер.

Еуропада дәстүрлі конфессиялар, атап айтқанда, католиктік, лютерандық, православие, протестантизм сенімдері кеңінен таралған. Сонымен қатар, «жаңа» деп атауға боларлық (яғни соңғы кездері пайда болған) американдық протестанттық ұйымдар, дәстүрлі емес сенімдер және ислам белсенділік танытып келеді.

Дін саласындағы Еуропа елдерінің мемлекеттік саясатын талдайтын болсақ, олардың жаңадан пайда болған діндермен бәсекелестік күресте өздерінің дәстүрлі христиан конфессияларына қолдау білдіретіні байқалады.

Еуропа елдерін шартты түрде зайырлы және ресми дінге ие елдер деп бөлуге болады. Ресми дінге ие елдерде шіркеулерге мемлекеттік қолдау, ал бірқатар елдерде қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндай мемлекеттерге Ұлыбритания, Дания, Греция, Болгария жатады.

Алайда, зайырлы сипаттағы елдер де (Германия, Франция, Испания, Автрия, Италия) дәстүрлі конфессияларды қолдау мақсатында әр түрлі конфессиялардың ережелерін қатаң түрде регламенттейді және жіктейді.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде барлық діни конфессияларға тең көзқарас танытады. Осының негізінде әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік діндердің басын қосқан съездер еліміздің бейбіт өмір мен түсіністіктің мекені екенін әлемге мойындатып келеді. Ал, дәстүрлі дін жолы ретінде Ислам дінінің суниттік бағытын, Имам Ағзам мазхабын ұстанады

Діндарлар діни этикалық мінез-құлық нормаларын сақтаудағы зайырлылық қағидаттары.

Бүгінде әлемге жаһандану ықпалы күшейген сайын адам құқығы, адамзаттық ортақ құндылықтар мәселесі өзектілігін арттыра түсті. Жаһанданудың екінші кезеңіне түрткі болған әлемдегі алып империя Кеңес Одағының күйреуі құрамындағы елдердің атеизмнен бас тартып, өз сара жолын таңдауымен жалғасты.

Этникалық ұстанымы ислам дінімен байланысты болса да еліміз  алғашқы қадамын зайырлылық арқылы адам құндылығы, азаматтық құқық мәселелерін негізге алғаны белгілі.

Ширек ғасыр зайырлылықтың Қазақстанға тән өз бағыты болу керектігін дәлелдеп үлгерді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жартысында ата дінімізге, салт-санамызға жат миссионерлер жайлы дабыл қақсақ, соңғы кезеңде олар ислам дінін жамылған жат ағымдар көрініс бере бастады. Бұған ислам діні төңірегінде түрлі руханиятқа қайшы пікірлердің қатар көтерілуі жиілеген әлемдік тенденция өз әсерін тигізгені рас.

Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам  Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  әр қадам-шешімі зайырлылыққа негізделгенін бағалар еді.

Әр қоғамның даму заңдылығы – азаматтар санасының да жаңғыруымен байланысты. Бұл білім мен тарихтан тағылым алған тәжірибе арқылы жүзеге аспақ. Ендеше әуелі «зайырлылық дегеніміз не?» дегенді жақсы түсінуіміз керек.

Ханафи мазхабындағы ислам мен православиелік христиан діні.

Дәстүрлі Исламның суниттік ағымындағы ханафи мазхабы мен орыс православиесінің мәдениет құраушы ролі басқаларынан гөрі көбірек мойындалады. Осы себепті оларды мемлекеттің конфессиялық саясатының екі қанаты деп белгілеуге болады. Бұл мұсылмандар мен православие сеніміндегілерді басшылық атынан құттықтау дәстүрге айналған Құрбан айттың 1-күні мен Рождество мерекесін ҚР Президентінің демалыс күндері деп жариялауында айқын көрінді.

Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты құқықтық ұстанымдарға негізделген.

Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында тең дәрежеде, заңнама олар үшін бірдей құқықтар мен міндеттіліктер бекітеді. Сонымен қатар, діни бірлестіктер қандай да бір мемлекеттік функцияларды атқармайды және мемлекет те егер заңға қайшы келмесе, діни бірлестіктердің жұмыстарына араласпайды. Діни бірлестіктер мемлекеттік билік пен басқару органдарының сайлауларына қатыспайды. Діни сипаттағы партиялар мен басқа да саяси құрылымдардың құрылуына, сондай-ақ діни бірлестіктердің саяси партиялар жұмысына араласуына немесе оларға қаржылық қолдау көрсетуіне жол берілмейді. Мемлекет дінді ұстанушы азаматтар мен дінді ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ түрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен сыйластық қарым-қатынастарын орнатуға бағытталған белсенді саясат жүргізеді.

Мақсаттары мен әрекеттері мемлекетте бір діннің үстем болуын орнықтыруға, діни араздық пен алауыздықты өршітуге, соның ішінде діни зорлықшылдық пен зорлық-зомбылыққа шақыратын істерге бағытталған діни бірлестіктердің құрылуы мен жұмыс жасауына тиым салынады. Діни экстремизмді насихаттауға, сондай-ақ конфессиялар арасындағы айырмашылықтарды саяси мақсаттарда қолдануға бағытталған әрекеттерге рұқсат берілмейді.

Сонымен бірге, мемлекеттің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар саласындағы саясатында басты артықшылықтар ең алдымен Қазақстан Ата заңы кепілдік беретін әрбір адам мен азаматтың ар-ұждан бостандығы және еліміздің ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттіліктерінен туындайтын дін ұстану еркіндігі болып табылады.

Азаматтардың ар-ождан бостандығы мен олардың діни наным-сенімін құрметтеу.

Қазақстан құқық қолдану тәжірибесінде Адам құқықтарының жалпы декларациясы, Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт, Дін немесе сенімдер негізінде төзімсіздік пен кемсітушіліктің (дискриминация) барлық түрлерін жою декларациясы, Еуропа адам құқықтары мен басты бостандықтарды қорғау конвенциясы, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы Кеңесіне мүше-мемлекеттердің 1989 жылғы Вена кездесуінің қорытынды құжаты секілді халықаралық адам құқықтары және ар-ұждан бостандығы актілеріне сүйенеді.

Елдегі мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың қазіргі жағдайына баға берген кезде Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан бері діни бірлестіктердің жұмыстары үшін құқықтық, идеологиялық және қоғамдық жағдайдың жасалғанын айтуға толықтай негіз бар. Азаматтардың дін ұстану бостандығы құқы бұрынғы кездердегідей тек қана мәлімделіп қоймайды, сонымен қатар іс жүзінде жүзеге асуда.

Қазіргі уақытта діни бірлестіктер мен зайырлы мемлекеттің серіктестігі серпінді түрде дамуда. Қазақстанның мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасында адам құқықтары мен бостандығын құрметтеудің демократиялық ұстанымдарына, қоғамдық және діни мүдделердің теңгеріміне негізделген өзіндік моделі бар.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*