Діннің пайда болуы қазіргі ғылыми зерттеулер бойынша 40-50 мың жыл бұрынғы тас дәуіріне жатқызылатындығы айтылады. Бүгінде мәдени ескерткіштерге, жан-жануарларға табыну белгілері ежелден келе жатқан діни белгілер.
Алғашқы діндер ұзақ даму эволюциясынан өтті. Қоғаммен бірге дін де дамыды. Алғашқы діндердің бірі тотемизм немесе тотемге табыну.
Тотемизм – адамдардың жануарларға, ағаштарға, құстарға, аңдарға ерекше бір қасиеттердің иесі ретінде табынуы.
Сонымен қатар түрік тектес халықтардың барлығы да ортақ табынған киелі, тотем жануарлары — әсем марал, көк бөрі, бүркіт екендігі бұрыннан белгілі. Көк түріктер мемлекетінің туында көк бөрінің, қият Шыңғысхан құрған монғол мемлекетінің байрағында сұңқардың суретінің болуы кездейсоқ емес.
Тәңірлік дін туралы тікелей деректер Ғұн заманынан белгілі. Ғұндардың императорын тәңірқұты, қытайша «шанью» деп атады. Ғұн патшасы тәңірқұтыны «Аспан ұлы», «Аспан мен Жерден жаратылған, Күн мен Ай таққа әкелген, ұлы тәңірқұты» деп атаған.
Қазіргі таңда әлемдік діндерге – буддизм, христиандық, ислам жатады. Бұл діндерді әрқайсысын қазіргі кезде әлемнің миллиардтан астам халықтары ұстанады. Бұл діндер бірнеше материктерге тараған. Осы діндердің ішінен жүз миллионнан астамнан адамдар ұстанатын басқа діндер «конфессиялар» бөлініп шыққан. Мысалы, христиан әлемі католик, православие және протестанттық конфессияларға бөлініп кеткен. Ал протестанттықтардың өзі миллиондаған адамдардан тұратын ондаған конфессияларға және секталарға бөлінген.
Мемлекеттік конфессиялық қатынастарға псевдосалафизмнің төндіретін қаупі.
Қазақстан Республикасы көпэтносты, көп конфессиялы мемлекет ретінде өзінің әрбір азаматының құқықтарын қамтамасыз етуде жоғары ден қояды.
Әлем елімізді бейбітшілік пен келісім орталығы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы дамып келе жатқан мемлекет ретінде мойындайды. Сан ұлттарды бауырына басып, тілі мен дінін, тарихы мен танымын асыл аманатындай сақтап келеді.
Алайда, бейбітшілігімізді бұзғысы келетін кертартпа діни ағымдардың әр жерден болса да көрініс беріп жататыны көпшіліктің назарын аударуда.
Сан ғасырлық тарихымыз бен салт, әдеп-ғұрпымызбен етене қайнасып, сабақтас дамып келе жатқан асыл дініміз Ислам, сүнниттік бағыт, Имам Ағзам мазхабы.
Соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдар қатарынан «салафизм» деген ұғым пайда болды. Салафизм сөзінің араб тіліндегі түп-төркіні «салаф», яғни«бұрынғы өткен, алдыңғылар» деген сөзден шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын — Мұхаммед пайғамбардың сахабалары, табиғиндер және олардың ізбасарлары. Бұл үш буынның ұстанған жолы ақиқат әрі ең дұрыс болып саналады.Олар діннің таза қалпында сақтап, ғылым, білім арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне ден қойған тұлғалар.
Қоғамда шоқша сақал қойып, өздерін «салафимыз» дейтіндер «өткендердің ізін жалғастырушы», «таза дінді ұстанушы», мазхабты мойындамайтын салт-дәстүрлерді теріске шығаратын және өзі білмейтін өзгенің идеологиясын жалау етіп жүрген діни саяси бағыт емес па? Мұхаммед Пайғамбарымыздың тұсында ерекше атаққа ие болған салафтар қазіргі уақытта әлі де тірі ме? Жылдар емес ғасырлар өтіп кеткен жоқ па? Олай болса, салафтармыз деген сөзді қалай айта аламыз? Міне осыны терең білгеніміз абзал.
Жастардың санасынан «ұлттық негіз», «отансүйгіштік», «салт-дәстүр» атты құндылықтардан айыру, мәңгүт етіп, бір-біріне айдап салуды көздейтін бұл ағымнан сақтануымыз қажет. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына зор үміт жүктеледі.
Ал мемлекеттік органдарға «салафизм» діни ағымының идеологиясын әшкерелеу мақсатында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да күш салу қажет.
Дәстүрлі дін мен фундаменталистік радикалды діндердің айырмашылығы.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен террозимнің таралуы мен дамуының себептері сыртқы және ішкі ықпалдардың ғана емес, сонымен қатар жасырын, жалған діни экстремистік және террористік идеологияның ықпалынан да туындайды.
Діни фундаментализм мен радикализмнің бір-бірінен айырмашылығын қысқаша былайша тұжырымдауға болады. Фундаментализм – бұл идеология, дүниетаным. Ал радикализм – бұл «мемлекеттің немесе қоғамның саяси жүйесінің тұрақтылығын радикалды шаралардың көмегімен тез арада өзгертуге бағытталуын қолдау» (саяси анықтама). Радикализм – идеологияның өзі емес, ол идеологияны таратудың формасы. Зерттеушілер, фундаментализм өз мақсаттарына жету үшін радикалды болуы немесе болмауы мүмкін дейді. Бұл зерттеушілердің қысқаша қорытындысында діни экстремизм мынандай түрлі жағдайда көрінуі мүмкін дегенді айтады: фундаментализм радикаланған түрде (өз мақсаттарын іске асыруға), немесе радикалдық идеологияның ең шеткі түрі ретінде (көбінше – қандай да маргиналды діни топтарда), немесе басқадай түрде.
Сонымен діни экстремизм дегеніміз не? Оның құқықтық табиғаты қандай? Діни экстремизм деген сөзді қолдану қисынды ма? Діни экстремизмнің анықтамасы қандай? Дінде экстремизм бола ма? –делінген сияқты мәселелерде ғылыми пікір-талас жүруде. Әсіресе әлеуметтік ғылымдар мен теология ғылымы арасында туындауда. Кейбір ғалымдар дінде ешқандай экстремизм болмайды деген ойда, ал басқа ғалымдар діни экстремизм құбылысы бар деген тұжырымды қолдайды. Бір ғалымдар экстремизмді дінмен байланыстырғысы келеді.
Діни экстремизм жөніндегі ғылыми пікір-талас әлі де тоқтаған жоқ. Әлемде әр түрлі дәстүрлі діндер, сонымен бірге дәстүрлі емес діни ұйымдар мен секталар бар екендігі баршаға белгілі. Әрине бұларды ұстанушылар мен жақтаушылары болатындығы табиғи заңдылық. Сол себептен де діни экстремизм туралы пікір-талас бір арнаға келе алмауда. Сондықтан да жалпы ғылымға тән шынайы ой тұжырымдама жасалуы қажет. Ең бірінші діннің құқықтық анықтамасын талдаудан бұрын, негізгі діндердің дін туралы өзіндік анықтамалары берілуі тиіс деп есептеймін.
Діни экстремизм және терроризмнің таралуының алдын алу
Діни экстремизм – мемлекеттік құрылымды өзгертуге, мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзуға бағытталған әрекет. Қазақстандағы діни экстремизм көріністерін Алматы, Ақтөбе, Астана, Атырау, Тараздағы оқиғалар тізбегінен көруге болады.
Негізгі жалпы көріністе, экстремизм қоғамдағы өмір сүріп тұрған ережелер мен нормаларды радикалды түрде теріске шығаратын өрескел әрекеттер мен көзқарастар жолын ұстаушылар болып сипатталады. Қоғамның саяси саласында көрініс табатын экстремизм, саяси экстремизм деп аталады, діни салада орын алған экстремизм діни экстремизм деген атауға ие болған.
Сонымен қатар, терроризммен түйіскен діни негіздегі экстремизм өзінің идеяға берілгендігін дәлелдеу үшін өмірін құрбан етуге дайын екендігін көрсетеді. Діни негіздегі экстремизмге берілген фанаттар идеологиялық және саяси мақсаттарға жету үшін, адамды өмірінен күшпен айыруын осындай тәсілдерді қолданатыны белгілі.
Әлемдік дәстүрлі діндердің қай-қайсысында болмасын, адамзат баласының өз-өзіне қол жұмсауына жол берілмейді.
Сондықтан бейбіт заманда Құдай жолына өз-өзін құрбан ету мәселесін көтеретін жалған діни ағымдардан сақтанған жөн.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары